Банк картасы арқылы төлем жасау

POS-терминалдар күн сайын көбеюде. Бұл ретте банктік карта арқылы төлем жасау қажеттілігі туындайды. Оны қалай қолданады, төлем жасау қалай жүзеге асады?

Сіз карта арқылы киім дүкенінде немесе супермаркеттен тауар сатып алдыңыз делік. Қолма-қол қаражатыңыз жоқ. Немесе қаражатыңыз болса да, карта арқылы төлем жасағыңыз келді. Карта арқылы төлеу де оңай. Қолыңыздағы ккартаны кассирге бересіз. Кассир сіздің қолтаңбаңыздың растығына көз жеткізіп тексереді. Сондықтан картаны алу кезінде артқы бетіне қолтаңба қоюды ұмытпаңыз. Көп жағдайда картаның иесі екендігіңізге көз жеткізу үшін жеке куәлігіңізді де сұрауы мүмкін.

Кассир картаны POS-терминал  деп аталатын арнайы құрылғы арқылы өткізеді. Бұл құрылғы арқылы сіздің картаны шығарған банкке сауалхат жіберіледі. Сауалхат санаулы секундтарда банктің процессингтік орталығына түседі. Банк төлемді растайды.

Кассир банктің мақұлдауын алған соң, 2 чек басып шығарады. Біреуіне клиент қол қойып, кассирге қалдырады. Екінші чекті клиент сатып алған тауар немесе қызметпен бірге алады. 

Мобильді банкинг қызметіне жазылған клиенттер болса, бірнеше секундтардан соң картасы арқылы төленген сома туралы хабарлама алады. Бұл сізге карта арқылы жасалған қызметтер туралы ақпаратты алып отыруға, жоғалтып алған жағдайда сіздің қатысуыңызсыз жүзеге асырылған төлемдер туралы білуге, ондай жағдайда бірден жауып тастауға мүмкіндік береді.